Қытай басшысы Си Цзиньпин Астанада жүр. Кеше Орталық Азия елдері басшыларымен кездесіп, саммит өткізді . Қытай Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанда ықпалын күшейткісі келе ме? Бұл тұрғыда дәл осындай форматта жиын өткізіп жүрген Ресеймен бәсекелесе ме? Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-қытай қатынасындағы рөлі қандай? Қазақстанда салынбақ екі АЭС құрылысының біріне ресейлік, екіншісіне қытайлық компанияның бас болуы туралы шешімнің астарында не жатыр? Осы және өзге де мәселелер туралы The Diplomat басылымының редакторы Кэтрин Путцпен сұхбат құрдым.
Орталық Азия аймағының маңызы
– Кейінгі жылдары геосаясатта Орталық Азияның рөлі артқаны байқалады. Мысалы, C5+1 форматында ОА елдері басшыларымен АҚШ, Қытай, Германия, тіпті Жапония кездесті. Әрине, мұндай саммит Кремль басшысының қатысуымен ұдайы өтеді. Пекин бастама көтеріп, бес елдің басшыларын осыдан екі жыл бұрын Қытайға шақырып еді. Енді екінші саммит Қазақстанда өтіп жатыр. Сіздің пікіріңізше, бұл нені білдіреді? Шынымен, Орталық Азия геосаясатта стратегиялық аймаққа айналып келе ме?
– Орталық Азия қашанда стратегиялық маңызды аймақ болған, бірақ оның маңызы бұрын онша еленген жоқ еді. Алайда көршілес елдер бұл аймақтың рөлін жақсы түсініп келді. Кейінгі онжылдықта бұл өңірмен топтық форматта жұмыс істеу тәжірибесі жиіледі. Бұл алыстағы державаларға бүкіл өңірмен бір мезетте байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл Орталық Азия үшін де пайдалы. Осылай аймақтағы ынтымақтастықты ынталандырады және сыртқы ойыншыларға әр елмен жеке келіссөз жүргізбей-ақ, ортақ келісімдер жасауға жол ашады. Сондықтан Орталық Азия – Еуразияны жалғайтын маңызды көпір әрі ықпалды аймақ болып қала береді.
– Аймақ маңызының артуы Украинадағы соғыспен байланысты ма?
– Мен бұл процестерді Украинадағы соғысқа тікелей байланыстырмас едім, өйткені кейбір бастамалар соғысқа дейін-ақ пайда болған. Мысалы, АҚШ пен Орталық Азия елдерінің C5+1 форматы соғыстан бұрын бар еді. Бірақ Қырым аннексиясынан кейін қалыптасты. Ресей мен Қытайдың осы аймақта ықпалын біріктіруі [Орталық Азияның геосаяси рөлін арттыруға] белгілі бір деңгейде түрткі болды. Бұл – жалғыз себеп емес шығар, бірақ соғыс басталғалы бері бұл форматтың маңызы арта түсті.
– Таяу Шығыс тұрақсыз, Ресей санкция астында қалып отыр. Кей сарапшы соның есебінен Орталық Азия Қытайдың Батыс Еуропаға апарар құрлықтағы негізгі экономикалық дәлізіне айналып келеді дейді. Қытайдың осы аймаққа көз салуының басты себебі деп осыны айта аламыз ба? Әлде мұнда тағы басқа мүдде бар ма?
– Меніңше, Қытайдың Орталық Азиямен қарым-қатынасын нығайтуға үш негізгі стратегиялық мүддесі бар. Бұл процесс әсіресе 2013 жылы "Бір белдеу – бір жол" бастамасы жарияланғаннан кейін жандана түсті.
Біріншісі – сауда жолдарын әртараптандыру. Қытай әлемнің барлық елімен сауда жасайды, бірақ соның басым бөлігі теңіз арқылы жүзеге асады. Ал Орталық Азия – мұхитқа тікелей шыға алмайтын құрлық аймағы. Бұл жағынан алғанда, Қытай үшін артықшылық бар: АҚШ бұл бағыттағы саудаға кедергі бола алмайды. Үнді-Тынық мұхиты аймағында болса, Қытайдың негізгі сауда бағыттары АҚШ-тың одақтастары және серіктестерімен қоршалған, бұл болашақта қиындық тудыруы мүмкін. Ал Еуразия арқылы өтетін бағытта ондай кедергілер жоқ. Әрине, бұл жерде басқа қатерлер бар, бірақ бұл – жалпы сауда мен транзитті әртараптандыру саясатының бір бөлігі.
Екіншісі – табиғи ресурстарды игеру. Орталық Азия – табиғи ресурстарға бай аймақ. Қазір сирек кездесетін минералдарды өндіру маңызы артты. Қытай бұл салаға біз оны стратегиялық мәселе ретінде атай бастағанға дейін-ақ араласа бастаған.
Үшіншісі – қауіпсіздік. Қытайдың Орталық Азиямен байланысы мен инвестициясы, әсіресе елдің батысындағы Шыңжаң өңірінің тұрақтылығы үшін пайдалы ынтымақтастықты қамтамасыз етеді. Осы үш фактор – Қытайдың бұл аймақта белсенді әрекет етуінің басты себептері.
Қытай мүддесі
– 2024 жылға дейін Қазақстанның ең негізгі сауда серіктесі Ресей болған. Былтыр оны Қытай басып озды. Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасының артуында Тоқаевтың рөлі қандай? Мысалы, жақында Мәскеуде өткен жиында Тоқаев Си Цзинпинмен қатар отырып, сөйлесіп отырды. Оның бұрын Қытайда оқығаны және сонда елші болғаны әсер етіп отыр ма?
– Ресей Қазақстанның ірі сауда әріптесі болып қала береді. Тоқаевтың Қытаймен қарым-қатынастағы рөліне келсек, оның жеке білімі мен тәжірибесі шешуші фактор деуге келмейді. Бірақ оның үдерістерге зиян келтірмейтіні анық. Қытай тарабынан қарағанда, Тоқаев – оларды түсінетін, тілін білетін тұлға. Бұл сенім орнатуда маңызды рөл атқарады. Дегенмен бұл белгілі бір қауіп те тудырады: мұндай қарым-қатынасты бір ғана адам басқаруына жол берілмеуі керек. Тоқаевтың осы бағыты сыртқы саясат пен мемлекеттік аппарат ұстанымына қаншалықты сіңетіні маңызды. Бірақ, әрине, мемлекет басшысы өзге елдің көшбасшысымен сол елдің тілінде сөйлесе алуының кері әсері болмайды.
– Жақында New York Times басылымы Ресейдің ФСБ-сіне тиесілі құпия құжатқа сілтеп, Ресейдің барлау қызметі Қытайдың ықпалына алаңдап отырғанын жазды . Құжатта Қытайдың Орталық Азияға ықпалын арттырып жатқаны да айтылған және Путин мен Си Цзиньпин бірін-бірі серіктес деп таныса да, Ресей барлау қызметінің Қытайдың Мәскеу ықпалындағы аймақтардағы белсенділігіне алаңдап отырғаны жазылған. Сіздіңше, бұл нені білдіреді?
– Екі ірі сыртқы держава бір аймаққа назар аударып, байланыс орнатуға ұмтылған кезде бәсеке болмай қоймайды. Бұл бәсекенің шиеленіске не қақтығысқа ұласуы көптеген факторға байланысты. Ресей мен Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалына келсек, Украинадағы соғыс бұл қарым-қатынаста белгілі бір бетбұрыс болды. Қазір жаһандық деңгейде Ресей мен Қытай арасындағы серіктестікте кімнің жетекші, кімнің қосалқы рөлде екені анық байқалады. Қытай ештеңе демей-ақ жетекші рөлге ие екенін байқатып жүр, ал Ресей бұл шындықты мойындағысы келмейді. Қытай бұл артықшылығын бетке баспайынша, екі ел сырттай достық қарым-қатынасты сақтай алады. Бірақ астыртын деңгейде, әсіресе барлау қызметі үнемі қауіп іздейтіні белгілі. Сондықтан Ресейдің федералды барлау қызметі Қытайдың белсенділігін қауіп деп бағаласа, бұл таңғалатын дүние емес. Өйткені ол шын мәнінде қауіптің бірі.
Бұған дейін Қытай аймақта негізінен инфрақұрылымға инвестиция салып келсе, қазір ол саяси және мәдени жұмсақ күшпен ықпал етуге де кірісіп отыр. Орталық Азия жаһандық қарым-қатынасқа ашыла түскен сайын Қытайдың ықпалы да әртүрлі салада арта береді. Cол құжаттың жарияланып кетуі, әрине, қызық жайт. Дегенмен барлау қызметінің қандай қауіп-қатер төнуі ықтимал екені жайлы осылай ойланатыны мені аса таңғалдырмайды. Орталық Азияда қазір кім ең белсенді әрекет етіп жатыр десек, ол – сөзсіз, Қытай. Сондықтан негізгі бәсекелес сол болса, барлау құрылымдары оны төніп тұрған қауіп деп қарастырады. Бұл – қалыпты құбылыс.
– Қытайдың Global South стратегиялық жоспарында жеті аймақпен байланысты нығайту көзделген екен. Карнеги зерттеу орталығының жазуынша, ықпал ету аймақтарын Таяу Шығыс, Африка, Латын Америкасы, Тынық мұхиты аймағы, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Орталық Азия деп топтастырыпты . Сіздіңше, Қытайдың сыртқы саясаттағы жүрістері кейінгі жылдары қалай өзгерді?
– Бұл үрдіс, шын мәнінде, 2008 жылғы Пекин олимпиадасынан бастау алады. Қытай өзін әлемге жаңа деңгейде таныстырып, барлық салада тез ілгерілей бастады. Бұл өрлеу Орталық Азияны да айналып өтпеді. Қытайдың ықпалы негізінен сауда арқылы жүзеге асып отыр. Халық саны бойынша ол қазір бірінші орында болмаса да, экономикасы ең ірілердің бірі және орасан зор өндіріс қуатына ие. Осы қуаты арқылы Қытай бүкіл әлеммен байланыс орнатып үлгерді.
Мұндай байланыс өзара тәуелділікке алып келетіні анық. Бірақ бұл тәуелділік екіжақты: Қытайға ғана емес, серіктес елдерге де тән. Сондықтан қазір әртараптандыру басты саясатқа айналып отыр. Қытай әр аймақта ең басты әріптес болмауы мүмкін, бірақ бүкіл әлеммен байланыс орнатуы оған белгілі бір деңгейде қауіпсіздік береді. Сонымен қатар Қытайдың бір мезгілде бүкіл жерде маңызды болуға тырысуы – жаһандық гегемонның сипаты. Қытай дәл осы жолға түсіп кеткенін жоққа шығару қиын.
Бүгін әлем картасындағы кез келген нүктеге саусағыңызды бұрсаңыз – Қытайдың сол жерге қатысы бар болары анық. Сондықтан Қытайды өз сыртқы саясаты шеңберінде тиімді түрде біріктіру маңызды. Ресеймен қарым-қатынас та әлі маңызды, сол себепті бұл екі алыптың арасында баланс сақтаудың амалын табуға тура келеді. Бұл сол Қазақстан ұстанып келе жатқан көпвекторлы саясаттың көрінісі емес пе?! Олар ешқандай әріптестен бас тартпайды, ал Қытай болса – барлығымен әріптес болғысы келетін ел.
– АҚШ президенті Дональд Трамптың тариф бекіту шешімі дамушы елдерді Қытайға бет бұруына түрткі болып отыр ма?
– Қазір 10 пайыз әмбебап тариф сақталып тұр, бірақ Қазақстанға қарсы қолданылған 27 пайыз тариф шілде айына шейін уақытша тоқтатылды. Одан кейін келіссөздер аясында тағы шешім қабылдануы керек. Қазақстан мен АҚШ арасындағы негізгі сауда нысандарының бірі – энергия ресурстары. Олар бұл тарифке енген жоқ. Сондықтан нақты экономикалық әсері қандай болатынын әлі көру керек.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы барлық тауар санатын білмеймін, бірақ олардың көбі – энергия және шикізат сияқты еркін саудаға жататын категорияларға енетіні анық. Дегенмен, мұндай қатаң тариф саясатының өзі елдердің "Қытаймен сауда жасаған тиімді" деген ұйғарымға келуін жеңілдетеді. Бұл – экономика заңдылығы, елдер өзіне тиімді, оңай әріптеспен сауда жасайды. Қазір Қытай өзін әлдеқайда ұтымды сауда серіктесі ретінде көрсетуге тырысып жатыр. АҚШ-тың Қазақстанға тарифті өсіруі америкалық экономиканы құтқара қоймасы анық.
Орталық Азия елдерінде мынадай түсінік қалыптасып отыр: бұл тариф саясаты оларға тікелей бағытталған жоқ, негізінен АҚШ-тың ішкі саясатының жемісі. Бірақ жанама әсері аймаққа тиіп жатыр. Яғни, Орталық Азия осы саяси астары бар сауда "айқасының" арасында қалып қойған. АҚШ президентінің әкімшілігі осы жолды таңдады. Оның қаншалықты орынды екені талқылауға тұрарлық, бірақ шешімді қабылдаған – президент Трамп.
АЭС салу
– Сарапшылар "Орталық Азия – Қытай" екінші саммитінде транпорт, энергетика, қауіпсіздік және жасыл экономика төңірегінде келіссөздер жүретінін айтқан. Саммит қарсаңында қазақ билігі елдегі атом электр станцияларын кімдер салатынын мәлімдеді. Біріншісін салуға ресейлік "Росатом" жетекшілік етсе, екіншісіне қытай компаниясы бас болмақ. Сіз бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы ары қарай да артып, Қазақстан өзіне тиімді инфрақұрылым жобаларын бірлесіп жүзеге асыра береді. Баланстың жақсы мысалы ретінде атом электр станцияларын айтуға болады.
Жақында бірінші АЭС-ті Ресейдің "Росатомы" салатыны жарияланды, бірақ сол мәлімдемелерде екінші станцияны Қытай салуы мүмкін екені де айтылды. Бұл екі ел арасында бәсеке тудырады. Қай елдің жобасы сәттірек жүзеге асса, келесі жобаларға да сол ел ықпал етуі мүмкін. Бұл – өте нәзік тепе-теңдік. Алайда мұндай балансты Орталық Азиядағы барлық ел бірдей ұстай алады деу қиын. Мысалы, өндіретін газының 80 пайызын Қытайға экспорттап отырған Түркіменстан Пекинге кіріптар күйге түскен. Серіктестік әртараптандырылмағаны көрінеді. Ал Қазақстанда ондай баланс сақталған. Өзбекстан да бұл тепе-теңдікті сақтауға тырысып жатыр. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанның мүмкіндігі шектелген, сондықтан бұл елдердің Қытаймен байланысы салмақтырақ болуы мүмкін. Десе де, бүкіл аймақ елдері бұл тепе-теңдікті сақтауға ұмтылады.
Бірақ шын мәнінде кімнің қайда бүйрегі бұрып тұрғанын қиын жағдайға тап болғанда біле аламыз. Мысалы, Пекин Орталық Азия елдерінен бұл аймақтағы мемлекеттерге ұнамайтын нәрсені сұрауы да мүмкін. Ресей мұны Украинада соғыс бастағанда сезді. Аймақ елдері соғысты ашық қолдаған жоқ, қатты сынамады да. Әр ел өзінің дербес сыртқы саясатын жүргізуге тырысты. Алда Қытаймен де осындай бір "сынақ кезеңі" келеді деп ойлаймын.
– Энергетика министрлігі шешімге еш саяси ықпал болмағанын айтты. Шынымен, саяси астары жоқ деп ойлайсыз ба?
– Әрине, кез келген энергетика министрлігі мұндай шешімдерде саяси астар жоқ деп айтады деп ойлаймын. Бірақ ішкі талқы бізге беймәлім. Шын мәнінде бұл шешімде саяси фактордың болған-болмағанын нақты білу қиын. Ядролық станция салуға тәжірибесі бар басқа да елдер болды. Мысалы, Оңтүстік Корея, Франция сынды мемлекеттердің компаниялары бар. Бірақ "Росатом" бұл салада ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан компания, тәжірибесі мол, сондықтан таңдау соларға түскені таңғаларлық емес. Сонымен қатар бұл шешім саяси тұрғыдан да тиімді болып отыр. Қай фактор шешуші болғанын айту қиын. Бұл тек жорамал. Бірақ қызығы сол – олар екі жаңалықты бір уақытта жариялады: "бірінші станцияны Ресей салады, ал екінші станция бойынша Қытаймен келіссөз жүріп жатыр" деді. Бұл саяси балансты сақтаудың белгісі іспетті. Нақты дәлел болмаса да, нәтиженің өзі саяси жағынан ұтымды.
– Ресей бірінші АЭС-ті, ал Қытай екіншісін салады деп нұсқауы нені білдіреді?
– Неліктен алдымен Ресей, кейін Қытай? Мүмкін, бұл тарихпен байланысты болар. Ресеймен қарым-қатынас әлдеқайда ұзақ, терең әрі институционалдық деңгейде. Сонымен қатар бірқатар ғалымдардың зерттеуінен Қытайға қатысты қоғам пікірі мен Ресейге деген көзқарас арасында үлкен айырмашылық барын білеміз. Қытайдың араласуы, тіпті ештеңе демесе де, қоғамда көбірек алаңдаушылық туғызады. Сондықтан бірінші станцияны Ресей салады деген шешімде саяси есеп болған болуы мүмкін.
Бұл Қытай бәрін өзі салып жатыр деген үрейдің алдын алу үшін жасалған "тактикалық қадам" болуы ықтимал. Алайда іс жүзінде мұны әртараптандыру саясатының көрінісі деуге болады. Қазақстанда таңдауға болатын бірнеше әлеуетті серіктес болған кезде, неге тек біреуімен шектелуі керек? Сол себепті Қазақстан екі әріптесті таңдады. Бұған дейін айтқанымдай, екі жоба да бір мезгілде басталуы мүмкін. Бұл бір жағынан жарыс сипатындағы қызық жағдай туғызады. Қытаймен келісім әлі толық бекітілген жоқ, бірақ ол осы аптада жүзеге асуы мүмкін.
Орталық Азиядағы синофобия
– South China Morning Post басылымы Орталық Азия мен Қытайдың екеуіне де сырттан қысым бар, соның әсерінен қарым-қатынасты дамытуға екі жақ та мүдделі деп жазды. Сіздіңше, бұл кооперацияның ілгерілеуіне кім мүдделірек, Қытай ма, Орталық Азия ма?
– Шындығында, бұл серіктестік екі жаққа да пайдалы. Қытай үшін әлемнің тағы бір аймағымен жақсы қарым-қатынаста болу оның жаһандық имиджі мен ықпалын арттырады. Ал Орталық Азия географиялық тұрғыдан тұйық аймақ болғандықтан, мұндай әріптестіктен, бәлкім, көп пайда көреді. Аймақ көршілері санаулы ғана. Сол себепті сауда, транзит және туризм секілді салаларда Қытаймен байланыс орнату тиімді. Бірақ бұл өзімен бірге қауіп-қатерлер де әкеледі.
"Бұл қарым-қатынастан кім пайда көреді?" деген сұраққа үнемі оралуымыз керек. Қазіргі жағдайға қарасақ, бұл серіктестіктен ең көп пайда табатындар – Орталық Азиядағы элиталар мен бизнес өкілдері. Ал қарапайым халық қаншалықты пайда көреді – бұл басы ашық сұрақ. Бұл көбіне инвестициялық жобалар қалай іске асырылатынына байланысты: табыс қалай бөлінеді, құрылыс жобаларын кімдер жүргізеді, жұмыс күшін кім жалдайды, қандай компаниялар тартылып жатыр – бәрі маңызды.
Орталық Азиядағы саяси жүйе ескерілсе, бұл жобалардан пайда көретін топтар болады, бірақ ештеңе ұтпайтын топтар да болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде ішкі әлеуметтік шиеленіске жол ашуы ықтимал. Егер халық бұл жобалардан нақты пайда көрмесе, ал элита мен бизнес өкілдері ғана ұтса, бұл наразылық ұшқынын тұтата алады. Мұндай жағдай ешкімге тиімді емес. Сондықтан басты мәселе – бұл серіктестіктен жеткілікті көлемде халық та пайда көруі керек. Әйтпесе, бұл байланыс қоғамда шиеленіс көзіне айналып кетуі мүмкін. Баланс осы жерде сыналады.
– Астанадағы ЛРТ құрылысын қытай азаматтары жүргізіп жатыр. Еларалық экономикалық қатынастардан бөлек, түрлі мәдени бірлестіктер бірге атқарыла бастады. Мысалы, Тоқаев Пекинде оқыған институттың Астанада филиалы ашылды. Қазақ билігінің бақылауындағы медиа Қытай жөнінде көбірек жағымды риториканы таратуға тырысатыны да байқалады. Қалай ойлайсыз, бұның артында қоғам пікірін өзгертуді көздеген жүйелі стратегия тұр деп ойлайсыз ба?
– Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда Қытайға қатысты жай күдіктен де күшті көңіл-күй бар. Бұл көңіл-күй қаншалықты орынды дегенге таласуға болар, бірақ ондай пікір бар және бұл – шындық. Сол себепті, Қазақстан үкіметі Қытайдың аймақтағы бейнесін жұмсарту үшін әрекет етіп отыр деп ойлаймын. Өзбекстан да осы бағытта жұмыс істеп, екіжақты қатынасты "өзара тиімді әріптестік" ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Яғни, Қытай үстемдік етіп жатқандай көрінбесін деген саяси есеп бар. Бұл, шын мәнінде, Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа ұқсайды. Ол жерде кімнің жетекші, кімнің қосалқы рөлде екенін ешкім ашық айтпайды, бірақ бәрі онсыз да түсінікті. Қазақстан мен Қытай қатынасында да солай: кім әлсіз, кім күшті екені айтпаса да белгілі. Мұнда мемлекеттің нақты мақсаты – бұл қатынастарды халыққа ұнамды етіп көрсету, яғни қоғам қабылдай алатындай формаға келтіру. Бұл – болашақта болуы ықтимал қауіп-қатерлерге қарсы PR деңгейінде алдын ала жүріп жатқан жұмыс.
– 2023 жылы Синопсис институты өткізген Central Asia Barometer сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 70 пайызы Қытай инвестициясының Қазақстанда жұмыс орындарын ашатынына сенбейміз деп мәлімдеген. Өзбекстанда керісінше, 70 пайызы Қытай қаражатына үміт артатынын айтқан екен. Орталық Азия елдерінің Қытайға, оның ықпалына көзқарасы әртүрлі ме? Және ол қалай өзгеріп келе жатыр?
– Байқауымша, өткен он жылда жағдай айтарлықтай өзгерді деу қиын. Аймақ үкіметтері халықтың Қытайға деген көзқарасы жақсарады деп үміттенсе де, шынайы өзгеріс аса байқалмайды. Мысалы, 2016 жылы Өзбекстандағы жер кодексіне енгізілген өзгерістер дұрыс түсіндірілмеді. Бұл қоғамда үрей мен күмәннің өршуіне себеп болды. Адамдар реформаның салдарынан үрейленді. Бұл өңірде жер мәселесі алаң тудыратынын көрсетті.
Тәжікстанда болған кейінгі дүрбелеңге де сол себеп болды. Қытайға елдің шығыс бөлігінен жер берілуі, қаржылай бақылаудың орнауы, мұның бәрі халық арасында "жер шын мәнінде кімге тиесілі?" деген сұрақ туғызды. Егер бір аймаққа кім кіріп, кім шығатынын Қытай шешетін болса, ол жерді өз елің деп санау қиын. Орталық Азияда жер мәселесі – өте шетін тақырып. Жер – ортақ мұра, халықтың тарихи жадында терең орныққан ұғым. Сондықтан бұл аймақтағы елдердің басшыларына қаржы келісімдерінің мәнін дұрыс әрі ашық жеткізе алмау ең үлкен қиындық болып отыр. Кейде еларалық келісімдерде, шын мәнінде, жер иелігіне қатысты мәселе де қозғалады, бірақ ол ашық айтылмайды. Ал халық ондай шешімдерге қарсы болатыны белгілі. Және бұл күдік өткен он жылда көп өзгерген жоқ, халық Қытайға бұрын қандай көзқараста болса, қазір де солай қарайды.
– Сіздіңше, кейінгі 10 жылда Ресейдің Орталық Азияға ықпалы қалай өзгереді? Ал Қытайдың ықпалы ары қарай арта бере ме, әлде бірқалыпты күйде бола ма?
– Аймақтағы қазіргі күштер теңгерімін бұл саммиттер бірден өзгертіп жібереді деп айту қиын, бірақ біз кейінгі жылдары бұл форматтардың тұрақты әрі жүйелі түрде өтіп жатқанын байқап отырмыз. Қытай өз тарабынан аймақ елдерімен екінші президенттік саммитін өткізіп жатыр. Ал АҚШ көбіне сыртқы істер министрлері деңгейінде байланыс орнатып келеді және осы бағытты қазіргі әкімшілік жалғастыратыны байқалады. Мұндай тұрақты кездесулер күш тепе-теңдігін өзгертпесе де, ұзақ мерзімді қарым-қатынастардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұл – шетелдік серіктестерге аймақпен жүйелі түрде байланысып, өз саясатының нәтижесін бағалауға мүмкіндік беретін құрал. АҚШ тарабынан жақында байқалған жаңа бағыттардың бірі – сирек кездесетін пайдалы ресурстарды игеру. Бұл – болашақта кеңеюі мүмкін сала, бірақ ол да күштердің жалпы теңгеріміне түбегейлі ықпал ете қоймайды. Алайда бұл аймақ елдеріне өз мүддесіне сай бағыттарды дамытуға тағы бір мүмкіндік береді. Қысқаша айтқанда, аймақ елдері қанша әріптес тарта алса, соғұрлым өздеріне тиімді болады. Сондықтан бұл саммиттердің қалай дамитынын бақылау маңызды.