Сот белсенді Қосай Маханбаевтың өтінішін ішінара орындады

Қосай Маханбаев

Қарағандының Бұқар жырау аудандық соты қаржы министрлігін сотқа берген белсенді Қосай Маханбаевтың өтінішін ішінара орындады. Бұл жөнінде адвокат Айнара Айдархан Азаттыққа хабарлады.

"Президент резиденциясы мен әкімдік ғимаратына шабуыл жасады" деп айыпталып, 1 жыл 8 айға сотталған Қосай Маханбаев бұған дейін сот үкімінде көрсетілген мерзімнен 2 ай 9 күн артық қамауда отырғанын айтып, министрлікті сотқа берген еді. Ол моральдық өтемақы ретінде 50 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Ал 18 маусымда шешім шығарған сот министрлікті Маханбаевқа 2 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеген.

Айнара Айдарханның сөзінше, Қарағанды соты Маханбаев пен адвокаты келтірген дәлел-дәйектерге келіскен.

"Алғашқы инстанция біздің жағымызға шығады дегенге күмәндандық. Сот бүгін (18 маусым - ред.) біз келтірген дәйектер заңды әрі даусыз екенін айтып келісті. Бірақ шағымды 2 млн теңге көлемінде жартылай қанағаттандырды. Менің ойымша, бұл тұста бәрібір Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Қаржы министрлігі шешімді дауламақ, ал біз өтемақы көлемін арттыруды сұрайтын боламыз. Бірақ қалай болғанда да біз Бұқар жырау аудандық сотының шағым түсіруші Маханбаевтың жағына шыққанына қуаныштымыз" деді адвокат.

Бірінші сот инстанциясы Маханбаевты 1 жыл 9 айға соттаса, апелляциялық инстанция бұл мерзімді 1 жыл 8 ай қылып азайтқан еді. Адвокат бұған дейін апелляциялық соттың үкімі күшіне енсе де, Маханбаев дер кезінде босатылмағанын айтқан еді. Оның сөзінше, Қосай Маханбаевтың денсаулығы сыр бергендіктен қазір ауруханада емделіп жатыр.

Қаржы министрлігі бұл іс бойынша әзірге түсініктеме бермеді.

Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазанда Алматы прокуратурасы Маханбаевтың азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.

2023 жылы Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған белсенді Қосай Маханбаев мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алған еді. Алайда бірнеше күннен кейін прокуратурадан арыз түсіп, Алматының сайлау комиссиясы әуелгі шешімнің күшін жойған. Аумақтық сайлау комиссиясы мұны "тергеуге қысым жасаудан сақтану" деп түсіндірген.

Былтыр маусымда Маханбаевтан өзге "президент резиденциясы мен әкімдікке шабуыл жасады" деген айыппен тағы 10 адам сотталды. Қазан айында апелляция соты үкімге өзгеріс енгізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тарих әркімге бағасын береді". Қаңтар ісі: үш оқ, изолятордағы азап пен ауыр айып